Дәулеткерей Кәпұлы: Түгел түркінің баласы...

Кеше түнде Алатау асып жеткен суық хабар жанымызды мұздатты, өзегімізді өртеді. Қырғыздың халық әртісі, ақын, сазгер, дастаншы досымыз Элмирбек Иманәлиев мезгілсіз дүниеден озды. Алатаудың күңгейі мен теріскейінде де, Сарыарқада да айтысып, тартысып едік. Қазақтың әнін қазақтан кем айтпайтын. Сахнаға домбыра мен қомузын қатар қолтықтап шығып сайрай беретін сабазым еді. Қайғырдық, қамықтық. Тәңір ісіне не шара?! Айырқалпақты ағайынға көңіл айтамыз.

Жарқынжүзді асыл ерім, иманнұрың сегіз бейіш төрінде шалқысын!

Қайран да досым, Элмирбек,
Артыңда қалды-ау ел күйреп.
Үш жүзімді жырлап беруші ең,
Үш ішек қомуз сен күйлеп.

Қара орман қазақ күтсе асық,
Жырыңмен жауһар, құт шашып.
Алатаудан төте түсуші ең,
Таутекедей тік басып.

Ақ боран шабыт берсе екпін,
Алатау басын теңселттің.
Сен қомузыңды қолтықтап,
Сал домбырамды мен шерттім.

Жан сырың ән боп еміреніп,
Ел мұңын айттың тебіреніп.
Домбыраны бастың бауырға,
Қоңыр қомузбен тең көріп.

Әшірәлі мен Эстебес,
Бағаңды берген бесте бес.
Шаңқайтүсте ұштың ғайыпқа,
Бесін ауған шақ – кеште емес.

Ажалдың қағып қақпасын,
Тағдырдың шағып тақтасын.
Туғанбай әкең шақырып,
Бейішке бұрдың ба ат басын?!

Бұлбұлдың әнін аңсаған,
Айыр да қалпақ барша жан.
Тоқтағұл туған топырақ,
Көңіл айтамын мен саған.

Атбасы алтын – бағасы,
Түгел түркінің баласы,
Жайраңдап туған асыл ер,
Жайраған күнін қарашы.

Ақтаңдайы боп арда елдің,
Басыңнан көшті дәурен күн.
Дәуірлер жақсын білтесін,
Сәуірде сөнген сәулеңнің!

Окшош материалдар

Комментарий калтырыңыз