Баянгали Алимжанов: Қырғыз бауырларыма көңіл айтуға тура келіп отыр

Бір туған қырғыз елінің дарынды ұлы Елмірбек Иманалиев өмірден озыпты. Ал, дүние ай! Елмирбек ерен талантты, нағыз төкпе ақын, жыршы еді. Қырғыздың асыл қазынасын кеудесіне жинап, жарқырата жырлап, ежелгі даңғылдардың дәстүрін жалғап жүрген, әні де, сәні де, мәні де келіскен марғасқаның нақ өзі болатын. Имандылық жолындағы ибалы, әдебі мен сәлемі келіскен, келбетті бауырымызбен кездескен сайын қуанып, шұрқырасып қалушы едік.

Айтыстағы алған асқарлары биік еді, қазақ-қырғызға сүйікті еді. Ал, одан бөлек, қырғыздардың ескі жыр, аңыздарын, есті сөздерін нәшіне келтіре орындап, ата жолын белсене насихаттаған еңбегі тағы бір төбе. Мен оның айтыстарын да талай көріп, тыңдадым, жыр айтқанын да, "Манас" айтқанын да көрдім, естідім. Маған ол кешегі жыр дүлділі Естемес Тұрсыналиевтің жаңа заманда жаңғырған жарқын бейнесін елестеткен.

Соншама жырды жанына қондырып, жадына тоқып, жер-жаһанға жар салған жалынды жас арғы заман мен бергі заманды жалғастырушы сияқты көрінетін. Бүгінгі жаһанданудың жындылықтарына аталардың асыл құндылықтарын тосқауыл қылып, жас қырғыздарға жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақтай көрінетін. Кездескенде айналайын деген ағалық сөзімді айтып, арқасынан қағатынмын, сырттай, экраннан көріп, тыңдап, өнеріне, еңбегіне риза болатынмын.

Енді міне, қырғыз бауырларыма көңіл айтуға тура келіп отыр. Иманы саламат, алды жарық, арты қайырлы болсын! Жаны жәннатта болсын! Қырғыз еліне амандық, саулық, жақсылық тілейміз!

Окшош материалдар

Комментарий калтырыңыз